Ведомствоның дерегі бойынша, қаңтардың 21-і күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына 91 жастағы зейнеткер арызданған. Зардап шегуші кейуананың сөзінше, белгісіз екі келіншек 850 мың теңге ақшасын алдап алып кеткен. Кейін белгілі болғандай қаскөйлер өздерін әлеуметтік қызмет жұмысшысы ретінде таныстырып, 50 мың теңге көлемінде сыйақы береміз деп уәде еткен. Үйге кірген күдіктілер зейнеткерге көз тигенін айтып, оны ақша арқылы емдеуге болатынына сендірген. Сенгіш зейнеткер жинаған бар ақшасын алаяқтардың қолына ұстата салған. Артынша алданғанын түсінген ол полицияға хабарласып, көмек сұрайды.
«Жедел іздестіру шарасын қолға алған полиция қызметкерлері бірер сағаттың ішінде күдіктілерді Көкшетау қаласынан қашып бара жатқан жерінде ұстады. Тінту барысында күдіктілерден зейнеткердің ұрланған заттары тәркіленді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің осындай өзге қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталу үстінде», - деді ПД баспасөз қызметіндегілер.