Ақмола облыстық сотының мәліметінше, сот әйелді жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болды деп таныған. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қаралған.
— Оқиға 2026 жылдың мамыр айында Көкшетауда болған. Сот мәліметіне сәйкес, С. есімді азаматша жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан көлікке отырған. Ол үйдің ауласына қарай бұрылған кезде жаяу келе жатқан Ш. есімді азаматшаны қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел адам ауруханада қайтыс болған. Сотта айыпталушы көлік тізгініне не себепті отырғанын түсіндірген. Оның айтуынша, сол кезде күйеуінің денсаулығы сыр беріп, көлікті өзі жүргізуге оның рұқсатымен отырған, — деп хабарлады сот өкілдері.
Көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға бергені бойынша іс бөлек қаралатын болды.
Әйел өз кінәсін толық мойындаған. Сот жаза тағайындау кезінде оның жасаған ісіне өкінгенін, екі кішкентай баласы бар екенін, жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық шығынды өтегенін және бұған дейін ешқандай жауапкершілікке тартылмағанын ескерген.
— Жәбірленушінің туыстары сотта айыпталушыға ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ деп көрсеткен. Олар шығын толық өтелгенін айтып, әйелді бас бостандығынан айырмауды сұраған. Дегенмен сот әйелдің көлік жүргізуге құқығы жоқ екенін біле тұра рөлге отырғанын және оның салдарынан адам қаза болғанын ескерді, — деді сот өкілдері.
Сот шешімімен әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ оның екі кішкентай баласы болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетаудағы адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты екі қылмыстық іс қозғалғанын жаздық.