Көкшетауда «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда облыстық «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өтті.

Бұл туралы Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Ақмола Медиа Орталығы» хабарлады.

«Бабалар мұрасы-ұрпаққа қазына» ұранымен өткен облыстық байқау Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналды. Осындай атаулы оқиғалардың маңыздылығын кеңінен насихаттау және ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат тұтатын халық шығармашылық байқауының маңызы жоғары. Байқау әр өңірдің тарихы таңбаланған мәдени мұраларын танытып, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-келісімдерін көрсете білуіне кеңінен жол ашты.

Ұйымдастыру алқасының шешімімен Аршалы, Ерейментау аудандары мен Көкшетау қаласы бас жүлдені қанжығасына байлады, сондай-ақ оларға Газель маркалы автокөліктер сыйға берілді.