Көкшетауда асыраушысы жоқ 800 балғын Жаңа жылды қарсы алды

None
КӨКШЕТАУ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда асыраушысыз қалған балғындар үшін «РИО» ойын-сауық сауда орталығында, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде, ашық аспан астында Жаңа жылдық шырша жағылып, балғындар Аяз Ата, Қарша Қызбен қол ұстасып, ән айтып, би биледі,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетімдерге қолұшын берушілер - «Көкшетау арасан су» акционерлік қоғамы мен «Дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Панахов» жеке кәсіпкер ұжымы.

Балғындар ертегілер әлемінің кейіпкерлерімен бірге ойнап-күлісті. Осындағы атракциондар да солардың игілігіне берілді. Үлкен фоеде жеткіншектер үшін дастархан жайылып, тәттіден дәм ұсынылды. Аяз Ата мен Қарша Қыз ән айтып, би билегендерді марапаттап, барлығына арнайы дайындалған сыйлықтар үлестірді. Бұл күні балғындарға жылы киімдер, ойыншықтар, мектепке керек-жарақтар тапсырылды.

Балалардың екінші тобы «Бурабай» ұлттық табиғи паркке саяхатқа шығып, жануарлар әлемі мұражайын аралады. Орман ішінде Аяз Ата мен Қарша Қыз балғындармен қосылып ән айтты, жұмбақтар шешімін тапты. «Айнакөл», «Ақ жиек» мейрамханаларында мерекелік дастархан басында той-думандарын жалғастырды.

Жалпы, қала бойынша бұл күні асыраушысы жоқ, көпбалалы отбасылар, жағдайы төмен отбасылардың 800 жеткіншегі қамқорлыққа алынып, сый-құрметке бөленді. Осы мақсатқа бюджеттен 400 мың теңге, демеушілер есебінен бір миллион теңге қаржы қарастырылды.