Көкшетауда автобус пен жүк көлігі соқтығысты

АСТАНА. KAZINFORM — Жарақат алғандардың арасында екі жүргізуші мен автобус жолаушысы бар. Олар ауруханаға жеткізілді.

Фото: видеодан алынған скрин

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қаласында Шанхай деп аталатын Застанционный көпірі маңында № 11 бағыттағы Yutong автобусы мен «ЗИЛ» жүк көлігі соқтығысты.

— Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі жүргізуші мен автобус жолаушысы жеңіл жарақат алды. Олар медициналық мекемеге жеткізіліп, тиісті көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды, — деп хабарлады ведомство.

Полиция аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесіне сай кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қонаевта бала көлік астына түсіп, мерт болғаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина