Көкшетауда автокөліктерді тіркейтін ХҚКО ашылды
Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қатысты, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметі.
Оспановтың айтуынша, бұл Қазақстандағы он үшінші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. «Республика бойынша он екі мамандандырылған ХҚКО арқылы жүргізушілерге шамамен 1 700 000 қызмет көрсетілді. Енді көкшетаулықтар да автокөлікті жылдам және оңай тіркеу мүмкіндігіне қол жеткізді», - деді Абылайхан Оспанов.
Екі гектардан астам учаскені алып жатқан жаңа мамандандырылған ХҚКО Ш.Уәлиханов көшесі, 1/3 мекенжайында (Зеренді тасжолына шығар жолда) орналасқан. Енді қызмет алушылар өз уақыттарын үнемдеп, небәрі екі сағаттың ішінде көлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады. Бизнес-процестің барлығы автоматтандырылған және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне қосылған. Автоматты автодромда көлікті жүргізу бойынша тәжірибелік емтихан тапсыру кезінде қолданылатын заманауи электрондық бақылау жүйесі бұл үрдіске адами факторды қатыстырмауға мүмкіндік береді. Комиссия тексерісінен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады. Барлық дәрігерлер, соның ішінде психиатр мен нарколог үшін арнайы кабинеттер қарастырылған. Аумақта көлікті техникалық тексерістен өткізетін арнайы ангар да бар.
Мамандандырылған ХҚКО дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 9:00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын онлайн тәртіпте қадағалау үшін ғимаратта орнатылған 23 видеобақылау камерасы «Азаматтарға арналған үкіметтің» ахуал орталығына қосылған.
Айта кету керек, алдағы күндері мемлекеттік корпорация Семей қаласында, ал келесі жылдың бірінші тоқсанында Атырау және Орал қалаларында да осындай мамандандырылған ХҚКО ашады. Нәтижесінде, 2018 жылы Қазақстанның барлық аумағындағы автокөлік иелері мемлекеттік қызметтерді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады.