Бұл күні «Абылай хан» алаңы әдеттегіден ерекше нұрлана түсті. Алаң сәбилер мен балалардың сыңғырлаған күміс күлкісіне толды. Мерекелік шара 3 жыл қатарынан балалар мен жасөспірімдер музыкалық ансамблінің шеруімен басталып жүр. Бұл жолы да солай болды. Шеруге жоғары оқу орындары студенттері, мектеп және колледж оқушылары, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері, педагогтар мен балалар, жастар музыкалық ансамбльдері және оркестр қатысты. Биыл балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамблінің шеруінде мыңнан астам бала өнер көрсетті.
Шараға қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова балалар мен олардың ата-аналарын аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан құттықтады.
«Бүгінгі күні өңірімізде 200 мыңнан астам бала бар. Балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты сапалы білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Өңірде 615 мектепке дейінгі білім мекемесі жұмыс істейді. Оған 40 мыңнан астам бала барып жүр. Орта біліммен 120 мыңнан астам бала қамтылған», - деді Айна Мысырəлімова құттықтау сөзінде.
Мерекелік шара қаланың орталық саябағында жалғасын тапты. Онда балаларға арналған түрлі байқаулар мен театрландырылған көріністер, балалар ұжымының мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ат, пони, есекпен серуендеген балалардың қуанышында шек болмады. Әсіресе, балаларға арналған ойыншық машина, мотоцикл және аттракциондарға отырған бүлдіршіндердің жүзі бал-бұл жайнап, шаттық құшағына бөленді.