Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Ақмола медиа орталығының" ұйымдастырумен өткен шараға ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары Э. Толғанбаев, "Казконтент" АҚ интернет жобасы бойынша басқарушы директоры Ж.Чулаков, "Казконтент" АҚ сараптама және даму департаментінің сарапшысы Б.Макаров, "7 арна" директорлар кеңесінің төрайымы Б.Жексенбай және өңірдегі департаменттер мен басқармалардың 37-ге жуық баспасөз хатшылары қатысты.
"Бұл жолғы шараның мақсаты - баспасөз хатшыларының БАҚ және қоғаммен тиімді әріптестік қатынасын реттеу болып табылады", - деп атап өтті өз сөзінде "7 арна" директорлар кеңесінің төрайымы Б.Жексенбай.
Пікір алмасу ретінде өткен семинар қызықты әрі тартымды өтті. Жарыссөзге шыққандар баспасөз хатшыларының жұмысын жақсарту бағытындағы өздерінің тұшымды ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.
"Семинар-тренинг өткізу уақыт талабы. Бүгіндері БАҚ жоғары қарқынымен дамуда. Сондықтан біздің мақсатымыз баспасөз хатшыларының БАҚ-пен сауатты жұмыс істеуі, баспасөз қызметінің негізгі принциптері бойынша оқыту болып табылады", - дейді Э.Толғанбаев.
Ертең семинардың екінші күні "Хабар" телеканалының, Ақмола облысы медиа-контентінің интернет-ресурстарының өкілдері қатысады деп жоспарланған. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылады.