Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өткен форум жұмысына ҚР Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының басшысы Марат Қасқырбаев, Қазақстанның азаматтық алянсының вице-президенті Дос Көшім, азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес және жастар ұйымдары, кәсіподақ және қоғамдық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форумда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі кезде өмірге келген осы қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша атқарып келе жатқан жұмысына оң баға берді және оның алда да ізденісті қадамдарға баратынына сенім білдірді.
«Үкіметтік емес ұйымдар атқарушы билікпен өзара бірлесе жұмыс істеуі қажет. Өйткені олардың алдында тұрған міндеттер бір бірімен тығыз байланысқан. Сол кезде ғана халықтың әл ауақтын көтеретін боламыз. Қазіргі уақытта Ақмола облысында 643 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл негізінен этномəдени жəне экологиялық бірлестіктер, жастар ұйымдар», деді Айна Мысырәлімова.
Ал, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының басшысы Марат Қасқырбаев пен Қазақстанның азаматтық алянсының вице-президенті Дос Көшім азаматтық қоғамды тиімді дамытуда үкіметтік емес ұйымдардың орнына тоқталды.
«Елімізде азаматтық қоғамның жұмысы әлі қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Дегенмен, соңғы жылдары мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп келеді. Сондықтан, біздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», деп атап өтті Дос Көшім.
Сонымен қатар, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева баяндама жасап, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтылғандай, əлеуметтік бастамаларды іске асыру бағытында 800 іс-шара өткізіліп, оған 80 мыңнан астам адам қатысқанын жеткізді.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде жылдан жылға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде үкіметті емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі артып келеді.
Форумның пленарлық мәжілісінде сондай-ақ, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев, Степногордегі «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оксана Волкова-Михальская, Көкшетаудағы «Прометей» қоғамдық қорының басшысы Олжас Сыздықов, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл қоғамдық ұйымдардың тұрғындармен жұмыс тәжірибесі туралы сөз сөйлеп, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Форумда ашық микрофон жұмыс істеп, қатысушылар еркін пікір алмасты. Сонымен бірге, бірқатар үкіметті емес ұйымдар мен олардың белсенді мүшелерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұдан кейін форумның жұмыс қорытындысы шығарылып, Қазақстанның VIII Азаматтық форумына Ақмола облысынан баратын делегаттардың тізімі анықталды.