Көкшетауда Ботай мәдениетін зерттеген ғалым Виктор Зайберт ұлықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда тарих ғылымының докторы, профессор Виктор Зайберттің 70 жылдығына арналған «Ботай мәдениеті және далалық өркениет» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Виктор Зайберт Қазақстанға емес, сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал ғалым. Оның Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясы бойынша 100-ден астам монографиялар мен ғылыми мақалалары жарық көрген. Ғалым өмірінің 40 жылдан астам уақытын Қазақстан және бүкіл Еуразия құрлығының ежелгі тарихын зерттеуге жұмсаған.  Дүниежүзінде бірінші болып, Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында б.э.д. IV ғ. жылқы малының қолға үйретілгенін ғылыми түрде дәлелдеген.
 

Бүгінгі күні ғалым археологиялық коллекциялары қазақстандық музейлердің (ҚР Ұлттық музейінің, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейнің, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейлерінің) экспозицияларында көрініс тапқан  Еуразияның алғашқы жылқы өсірушілер қонысы - әлемдегі бірегей Ботай археологиялық елді мекенінде еңбектенуде. Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі.
 

Бүгінде ғалымның археологиялық ескерткіштері туралы материалдары жарық көруде. Нысандарды қорғау, оларды бақылау жұмыстары жүргізілуде, тарихи-мәдени мұраны туристік индустрияда пайдалану бойынша жобалар әзірленуде.
 

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекет Басшысының «Рухани жаңғыру» жөніндегі бастамасына сәйкес бүгінде еліміздегі тарихи ескерткіштер мен киелі жерлердің мән-маңызы жан-жақты зерделеніп жатыр. Тарихы тұнған Ақмола облысында тарихы, қасиетті жерлер жетерлік. Осындай орындарды зерттеуде Виктор Федорович Зайберт сияқты тарихшылардың үлесі зор», дей келе, Айна Мысырәлімова  ғалымға Ақмола облысы әкімінің  Алғыс хатын тапсырды.
 

Шара барысында ғалымның інісі Юрий Зайберт ағасына арнап шығарған әнін орындап берді. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге арнайы келіп қатысқан Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зейнолла Самашев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы К.Ақышев атындағы археология ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина, ҚР Білім және ғылым археология институтының профессоры Жолдасбек Құрманқұлов, философия ғылымдарының докторы Ілияс Сүлейменов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманбай Сейтқасымов ғалымның атына жылы лебіздерін білдірді.