Полицейлердің мәліметі бойынша, күдікті әйел танымал жарнама сайтына тіркеліп, дипломдық және курстық жұмыстарды ұсынған.
«Биылғы жылдың ақпан айында полицияға жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Арызданушының сөзінше, дипломдық жұмысты жасап беретіні туралы ақпаратты ол жарнама сайттарының бірінен тапқан. Кейін автормен телефон арқылы сөйлескен жігіт дипломдық жұмысқа қажетті өзінің талаптарын айтып, орындаушының есеп-шотына сұраған 25 мың теңге ақшасын аударған. Алайда, ақша қолына тиген күдікті телефонын көтермей қояды. Криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, нәтижесінде 38 жастағы әйелді қолға түсірді», - деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде, күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, полицейлер алаяқтық қылмыстың құрбаны болған өзге де адамдарды іздестіруде. ІІД Криминалдық полиция басқармасының байланыс номері: 72-32-96.