Көкшетауда Елбасы Жолдауын іске асырудың міндеттері айқындалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатынның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша актив отырысы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Активті ашқан аймақ басшысы Мәлік Мырзалин Елбасының биылғы Жолдауы халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Жиында экспортқа бағытталған индустриализация, инновациялық және сервистік секторды дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі әлуетті пайдалану мәселелері сөз болды.

Мемлекет басшысының Жолдауында адам капиталы-білім саласы, денсаулық сақтау және бұқаралық спорт нысандарының қолжетімділігін дамыту сияқты әлеуметтік салаға басымдық беріліп отыр.

Сонымен қатар, актив жиналысында «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС директоры, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ақмола филиалының директоры Виталий Чеусов, Көкшетау қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған мектеп директоры Дана Ысқақова, Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин және «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Аян Хафиз сөз сөйледі. 

Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері, бұл бүкіл саланы қамтитын бүтін жүйе ғана емес, жалпы, Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа моделін қалыптасырудағы сенімді көпір болатындығы туралы жиынға қатысушылардың ойы бір жерден шықты.

«Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін ақмолалықтар бар күш-жігерін қосатынына сенімдімін», -деді атап өтті жиынды қорытындылған аймақ басшысы.

Активті қорытындылаған М.Мырзалин  құжаттағы тапсырмаларды орындау үшін нақтылы міндеттер белгіледі.