«Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шараға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Садыр облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің ардагерлерге арналған құттықтау хатын оқып берді. Астаналық облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан ардагерлердің еңбегі ешқашан ескерусіз, ұмыт қалмақ емес. Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік жағынан қорғау бағытындағы саясатының арқасында әлемді билеген дағдарысқа қарамастан, бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі кеміген емес. Зейнетақы мен жәрдемақы жыл санап өсіп келеді. Мұның барлығы зейнеткерлерге жасалып отырған қамқорлық екені анық.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова салтанатқа жиналған ардагерлерге деген ақ тілегін айтып, оларға ұзық өмір, зор денсаулық тіледі. Бүгінгі таңда облыс аумағында қарттарға арналған 10 интернат жұмыс істейді. Мемлекет қамқорлығына алынған бұл қарияларға барлық жағдайлар қарастырылған.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл болса, қарияларға деген жүркежарды лебізін білдіріп, бүгінгі күні облысымызда 107843 зейнеткер бар екендігін атап өтті.
Шара барысында бір топ ардагер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында Бибігүл Жандаева, Бағила Қасенова, Николай Лихолад, Алтай Нұрғасымов сияқты еңбек ардагерлері бар. Салтанатты жиынның соңы жергілікті өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.