«Ақмола облысының іскер әйелдері қауымдастығы» және «Көкшетау» арнайы олимпиада» қоғамдық бірлестіктері бірлесіп, ұйымдастырған мерекелік шараға ерекше күтімге мұқтаж 70 бала мен олардың ата-аналары қатысты.
Балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Қаршақызға өз өнерлерін көрсетті. Жаңа жылдық қойылымда сүйікті ертегілердің кейіпкерлері бүлдіршіндермен бірге ата-аналарын да ойынға тартты.
«Біз Жаңа жылдық шараны өзге қоғамдық ұйымдармен бірлесіп өткізу қажет деп шештік. Нәтижесінде «Періште-Балалар» қауымдастығынан ерекше күтімді талап ететін 36 баладан бөлек, «Көкшетау» арнайы олимпиада» қоғамдық бірлестіктігінен тағдыры қиын 35 бала қатысты. Оларға үлестірілген сыйлықтар облыс аумағындағы кәсіпкер әйелдерден жинаған қаражатқа сатып алынды. Демеушілердің қатары жыл өткен сайын артып келеді», - дейді «Ақмола облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі, «Гарант» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ғалия Зиядденова.
Дәл осындай пікірді «MASTER DRIVE» автокешенінің басшысы Ирина Омельян да өз сөзінде атап өтті.
Шара соңында балаларына қызықты Жаңа жылдық шырша ұйымдастырған жандарға ата-аналар тарапынан да алғыстар айтылды.