Көкшетауда есірткі сатумен айналысқан үш павлодарлық сотталды
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі және 300 бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылған.
«Есірткі сатушыларды 2022 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел әрекет ету арнайы жасағының қатысуымен ұйымдастырылған арнайы операция барысында қолға түсірді. Тінту барысында олардан есірткі табылып, тәркіленді. Оның ішінде 2 келіден астам кептірілген марихуана, 1 келіден астам каннабис (қарасора) тұқымдасының он бұтасы, есірткіні өсіру үшін пайдаланылған зертханалық жабдық бар», - деді ведомстводан.
Сонымен қатар, ұсталғандардан есірткі заттарын заңсыз саудалаумен айналысқандығын айғақтайтын мәліметтері бар ұялы телефондар тәркіленді.
«Қылмыстық істер жөніндегі Ақмола мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен павлодарлықтар кінәлі деп танылып, 10 және 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында психотроптық заттарды саудалаған екі студент 10 жылға сотталғанын жазған едік.