Шараға қатысушылар алдымен, жоғары оқу орнының мұражайын, «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жетістіктері» атты көрмені тамашалап, Ш.Уәлихановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Конференцияға университеттің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімүтәліп Әбжаппаров, білім ордасының оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде тақырыпқа қатысты саясаттану ғылымдарының докторлары, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург мемлекеттік университеттерінің профессорыАлександр Ширинянц, Александр Курочкин, Владимир Гуторов, Валерий Ачкасов, Константин Федорович, Алексей Николаевич, Шыңжаң университетінің докторанты Нұрбақыт Кенжехан, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих, құқық, өнер және спорт факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ақбота Бексейітованың баяндамалары тыңдалды.
Баяндама барысында көптеген тақырыптар қозғалып, ұтымды ойлар айтылды. Атап айтқанда, Ақбота Бексейітова «Еуразиялық дала өткениеті: теориялық-методологиялық және тарихнамалық шолу» тақырыбын қозғаса, А.Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Алексей Кадочников «Еуразиялық кеңістіктегі экологиялық саясат азаматтар мен қоғам мүдделерінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады» тақырыбында болашақ ұрпақ үшін, болашақ оқушы, студенттер үшін экологияны сақтап қалудың мүмкін жолдарын қарастыру керектігін сөз қылды. Сондай-ақ, Қытайдың Шыңжаң университетінен келген докторант Нұрбақыт Кенжеханның баяндамасы репатриант, яғни оралман қазақтардың шет елде бейімделу, интеграциялану үрдісіндегі туындайтын қиындықтары жайлы болды.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.