Көкшетауда фельдшерді балағаттағандар 10 тәулікке дейін қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қалалық емханасының фельдшері науқастың үйіне барғанда балағат сөздерге, қорқытуға және күш көрсету әрекетіне тап болған. Оқиғаға кінәлілер бес тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

Фото: ТЖД

Қалалық емхананың заңгері Арман Дүтбаевтың айтуынша, оқиға Көкшетауда 21 шілде күні сағат 13:50 шамасында болған. Сол кезде медициналық мекеме фельдшері 55 жастағы ер адамның үйіне шақырту бойынша барған.

– Ер адам мас күйде болған және фельдшердің науқасты қарауына кедергі келтірген. Ол фельдшерді балағаттап, жағасына жармасып, пәтерден шығарып жібермек болған. Фельдшер кетуді ұйғарған. Алайда сол жерде 1986 жылғы екі әйел, керісінше, ер адамды қарап шығуы үшін фельдшерді тоқтатуға тырысқан. Олар да медицина қызметкерін былапыт сөздермен балағаттап, шығатын жолын бөгеген. Сол кезде фельдшер олардың әрекетін телефонға түсіре бастаған. Өйткені біз медицина қызметкерлеріне агрессивті әрекетке тап болған жағдайда міндетті түрде видеоға түсіру керегін түсіндіргенбіз. Қазір емхана бейнетіркегіштер сатып алды, бейнежазба жүргізіліп жатыр, – деді заңгер.

Агрессивті әрекетті тоқтату үшін медицина қызметкері полиция шақырған. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігі – «Қызметтік міндетін атқару кезінде медицина және фармацевтика қызметкерлеріне құрметсіздік таныту» бойынша материал жинаған.

Іс Көкшетау қаласының әкімшілік сотына жолданды. Нәтижесінде негізгі құқық бұзушы 10 тәулікке, әйелдердің бірі 7 тәулікке, екіншісі 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Заңгердің айтуынша, медицина қызметкерін балағаттау мәселесі жеке тәртіппен шешілуі мүмкін. Ал әзірге құқық бұзушылар әкімшілік қамауда отыр.

Айта кетейік, былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасы құлап, мерт болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға қатысты іс Астана сотында қаралып жатыр.