Көкшетауда «Ғасырлар үні» фестивалі өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Ғасырлар үні» 2-ші өңіраралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ұйымдастырылған шараға Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан жəне Ақмола облыстарынан келген әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

«Ғасырлар үні» фестивалінің негізгі мақсаты - қазақы дәстүрді дәріптеу, ұлттық аспаптар мен күйлерді халық арасында насихаттау.
 

Фестивальде жергілікті өнер шеберлері мен Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қалаларынан келген танымал ұлттық музыкалық-фольклорлық ансамбльдердің орындауындағы шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Ал кештің «тұздығы» - осы фестивальдің көркемдік жетекшісі Еділ Хусайыновтың жетіген, сазсырнай, сыбызғы тәрізді қазақтың музыкалық аспаптарында орындаған күйлері құлақтан кіріп, бойды алғандай әсер қалдырды.

Шара соңында сахна төріне шыққан барлық өнерпаздарға облыс әкімі Мəлік Мырзалиннің атынан ықылас гүлшоғы сыйға тартылды.