Көкшетауда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы өтеді

None
ТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін, 22 қыркүйекте Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі аясында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы өтеді.

ҚР Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, құрылтайға еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шет елдерден делегаттар, танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысады деп күтілуде.

«Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және тағы басқалары баяндама жасайды деп жоспарлануда»,-делінген таратылған мәліметте.

Сондай-ақ бұл Құрылтайда Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Светлана Бабкина, Алла Платонова, Диана Мелихова, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев және тағы басқаларының сөз сөйлеуі күтілуде.

Айта кетейік, жиырма жылдан астам тарихы бар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы бес жылда бір рет өткізіледі және тіл жанашырларының негізгі қызметінің көрінісі болып табылады.