Көкшетауда ірі көлемде марихуана сақтаған 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды
Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 19-шы желтоқсанында ІІД жəне ІІБ есірткі саудасымен күресу жөніндегі бөлімшенің қызметкерлері облыс орталығындағы "Қопа" көлінің жағасында 29 жастағы қала тұрғынын ұстаған.
Тексеріс барысында одан қағаз қорапқа салынған сұрғылт-жасыл түстес зат тəркіленді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай тәркіленген зат салмағы 3 келі 657 грамм "кептірілген марихуана" екені анықталды.
Күдіктінің сөзіне қарағанда, есірткі затын өзі қолдану үшін сақтаған. Алайда, полицейлер оның есірткі қолданушы ретінде наркологияда есепте жоқтығын жəне ата-анасымен бірге тұратынын анықтап отыр. Сонымен қатар, күдіктінің облыс аумағында есірткі саудасына қатысты бар-жоғы анықталуда.
"Қазіргі кезде, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстінен ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалды", дейді полицейлер.
Полицейлердің дерегі бойынша жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз есірткі саудасымен айналысуға қатысты 142 қылмыстың беті ашылды. Оған қоса, 6 наркопритон анықталып, есірткіге масайған 297 жүргізуші ұсталды. Заңсыз сауда айналымында жүрген 685 келі түрлі есірткі заттары тəркіленді.