Форум өңірдегі іскер әйелдердің пікір алмасу алаңы болып табылады. Шараға өңірдегі бизнес құрылымдар, банк жүйесінің қызметкерлері, жастар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. Форумаға қатысушылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық реформалары мен Жолдауда туындаған міндеттерді талқылап, өз ойларымен бөлісті.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табысты мемлекеттердің қатарында болуға ұмтылып жатқан елдің ілгерілеуін қамтамасыз ететін мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-әрекетінің жүйесін құруға зор маңыз беріледі. Биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі мемлекеттің одан әрі дамуына он ықпал етпек», деді Айна Мысырәлімова өз сөзінде.
Кәсіпкерлік саласында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары туралы Ақмола облысы кәсіпкерлерінің палатасы директорының орынбасары Фатима Герфанова айтып берді. Ал, «Ақмола облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қоғамының төрайымы Ирина Тереньтева өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі туралы әңгіме қозғады.
Әсіресе, кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алудың жолдарын түсіндірген «Сбербанк» АҚ-ның Ақмола облыстық филиалының директоры Әсель Махмудованың баяндамасы форумға қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Форумды қорытындылаған іскер әйелдер бір ауыздан Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Конституциялық реформалардың маңызын атап өтті.