ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 29 тамызында Көкшетау қаласының ІІБ кезекшілік бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын хабарласқан. Арызданушының сөзіне қарағанда, оның 15 жастағы сіңілісі сағат 13:00 шамасында колледжге оқуға түсу үшін емтихан тапсыруға кетіп, кешке үйге қайтып оралмаған.
Полицейлер жасөспірім қыздың таныстарын сұрастыра келе, оның Оңтүстік Қазақстан облысының 19 жастағы тұрғынымен танысқанын анықтайды.
Жедел-іздестіру шарасы барысында пойызбен кетіп бара жатқан қыз бен жігіт Қарағанды облысының Сарышаған стансасында ұсталып, қыз кейін қайтарылады.
Кейін белгілі болғандай жасөспірім қыз өзінің сүйіктісімен бірге оның ата-анасымен танысу үшін Түркістан қаласына бара жатқан. Қазіргі кезде кәмелеттік жасқа толмаған қыз туыстарының қолына тапсырылды.