Көкшетауда кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жергілікті кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметі бойынша, қарақшылық шабуыл ағымдағы жылдың 27 ақпанында облыс орталығындағы мейрамхана кешендерінің бірінде орын алған.

«Беттерін тұмшалаған күдіктілер жергілікті кәсіпкерді пышақпен қорқытып, көлігінде жатқан  8 500 АҚШ доллары мен 15 000 теңге ақшасын үптеп кеткен. Жедел іздестіру шарасы барысында полицейлер мейрамхана қызметкерлері мен зардап шегушінің таныстары және осындай қылмысы үшін бұрын сотты болған адамдарға дейін тексерген. Нәтижесінде 28, 27 және 24 жастағы күдіктілер ұсталып, заттай айғақтар алынды. Күдіктілердің бірі зардап шегушінің туысы болып шықты. Қаскөйлер соның мәліметі бойынша қылмыс жоспарын құрып, әрекет жасаған.

Қазіргі кезде, күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды», делінген хабарламада.