Көкшетауда Қылшақты өзеніндегі судың деңгейі түспей тұр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетауда Қылшақты өзеніндегі судың деңгейі түспей тұр. Осыған байланысты тасқын суға қарсы шаралар жалғасып жатыр.
Қала тұрғындары әлеуметтік желіде Қылшақты өзенінің су көтеріліп, Жағалау және Әшімов көшелерінің түйісер тұсында жолды басып қалғандығы туралы ақпаратпен бөлісті. Сонымен бірге, Свердлов көшесі мен №8 мектеп тұсында жеке үйлерге су жақындағаны туралы айтылды.
Көкшетау қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қазіргі кезде су басқан аймақтарда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жасалған шартқа сәйкес мердігерлік ұйым «КөкшеТазалық» ЖШС-мен Көкшетау қаласының аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар қолға алынған. Бүгінгі таңда Қылшақты өзеніндегі судың деңгейі жоғарлағаны байқалады. Сол себепті тұрғын үй аулалары мен көше бойындағы суды сору, өзен арнасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Суды бөгеу және сору жұмыстары тұрғындардан келіп түскен өтінімдерге сәйкес пысықтады. Өтінімдер I-komek-109 арқылы, сондай-ақ су тасқынына қарсы штабтың 8-716-2-29-78-34, 8775-666-99-08 телефондары арқылы қабылданады», - деді ведомстводан.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жолдың үстіндегі суды Қылшақты өзенінің арнасына бұру және №12 орта мектеп аумағында, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы тұсында құм салынған қапшықтарды төсеу, сондай-ақ, Краснояр кентінің Заречная көшесіндегі су ағызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Ақмола облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының, ҚР Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің курсанттарынан құралған барлығы 164 адам, 22 техника және 13 мотопомпа жұмылдырылған.
Бір тәуліктің ішінде 850 метр бөгет нығайтылып, 5200 қап төселді және шамамен 3000 текше метр су сорылды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда теміржол саяжайын су басып қалғанын жазған едік.