Көкшетауда қоғамдық кеңес мүшелері Президент Жолдауын талқылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын талқылауға арналған Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Депутаттық корпус, жастар, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық және ғылыми интелигенция өкілдері қатысқан жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынтай Елубаев Президенттің Жолдауда жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде облысты одан әрі дамытудың міндеттері мен басты бағыттарына тоқталды.

«Мемлекет басшысы қазақстандық қоғамның өміріндегі барлық салаларды одан әрі реформалаудың бағдарламасын ұсынды. Оны жүзеге асыру ел экономикасының өсуіне және азаматтарымыздың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді. Мемлекеттік басқару, экономикалық және аумақтық даму, әлеуметтік әл – ауқат, ауыл шаруашылығы және шағын бизнес, сондай-ақ, құқық қорғау органдары жүйесін жаңғырту бәріміз үшін маңызды», - деді ол.

Сонымен бірге, «Ақсай нан» ЖШС директоры Сəуле Соболевская мемлекеттің кәсіпкерлікке көрсетіп отырған қолдауына тоқталса, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дəрігері Нұрлан Жаров азаматтарымыздың денсаулығын сақтаудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру туралы айтты.

«Мені тамақ өнеркәсібінің өкілі ретінде, елімізде тұңғыш рет өнеркәсіп саясаты жөнінде заң дайындалатыны қызықтырды. Мұндай құжат өңдеуші өнеркәсіптің дамуына серпін беретіні сөзсіз», - деп атап өтті Сəуле Соболевская.

Отырыс соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша алдағы жоспарларды айқындады.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1-ші қыркүйегінде ҚР Парламент палатасының біріккен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауын жариялаған болатын.