Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өрт бүгін тамыздың 31-де Тілеулина көшесінің бойындағы тұрғын үйдің 4 қабатындағы пәтерден шықты.

«Сағат 16:50 Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел басқару күштері мен құралдарының пультіне аталмыш мекен-жай бойынша орналасқан тұрғын үй өртеніп жатқандығы туралы хабар түсті. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 28 қызметкер және 6 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды», - деді ведомстводан.

Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша, өрттен пәтердің балконы, жатын бөлме, дәлізіне зиян келген. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Өрттің салдарынан аталмыш тұрғын үйдің 25 тұрғыны эвакуацияланды», - деп толықтырды ведомстводан.