Көкшетауда мас күйінде ұсталған 134 жүргізуші куәлігінен айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты осы жылдың алғашқы үш айында көліктерін алкоголь немесе есірткі пайдаланып масаң күйде басқарған азаматтарға қатысты 158 әкімшілік істі қарады.

Сот анықтағандай, аталған азаматтар алкогольдік және есірткілік масаң күйде автокөлік құралдарын басқарып, Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы қағидаларының 2-бөлімі 4-тармағының 2-тармақшасының талаптарын бұзып, осы іс-әрекеттерімен жол қозғалысына қауіп төндірген.

Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулыларымен 158 құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 608-бабында көрсетілген (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйде басқаруы) әкімшілік құқық бұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танылып, 24 адам әкімшілік қамауға алынды, 134 адам 3 жылдан 6 жылға дейін мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылды.