Бұл жолы «Достар мәдениет» сарайында өткен салтанатты шара «Мерейлі отбасы» байқауының әнұранымен басталды. Аталған байқаудың басты мақсаты - отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтар мен қазақстандық жанұяның жағымды имиджін жастар арасында жан-жақты насихаттау. Өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын көкшетаулық Кәкпеновтер мен сандықтаулық Мухиндер отбасылары абыроймен қорғаған болатын.
Ұлттық байқауда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов байқауға қатысушыларды құттықтап, облыста әр түрлі салада ұзақ жылдар бойы үзбей қызмет етіп келе жатқан әулеттерді атап өтті. Сондай-ақ, байқауда жеңімпаз атанған отбасыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының ұйымдастыру комитетінің шешімімен осы шараға белсене қатысқаны үшін Агафоновтар әулеті марапатталды. Агафоновтар - екі дін мен екі ұлттан құралған аралас отбасы. Облыстық «Бақыт шаңырағы» байқауының бас жүлдесіне ие болған олар Сандықтау ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталған берекелі де мерекелі шаңырақ.
Осындай ынталандыру сыйлығымен Лошаковтар отбасы да марапатталды. Бұл ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі 407 жыл екен. Бұл жолғы байқаудың тағы бір ерекшелігі - ол екі отбасының, яғни, көкшетаулық Айтқожиндар және қорғалжындық Смановтардың үшінші орын алуы болып отыр. Қажығали Айтқожин еңбек ардагері, көптеген мерекелік медальдардың иегері. Жұбайы Қазкен Айтқожина да «Алтын алқа» алқасымен марапатталған Батыр ана. 2012 жылы отау құрғандарының 60 жылдығын тойлаған, 11 бала өсіріп, солардан немерелер мен шөберелер сүйіп отырған үлгілі отбасы. Қорғалжын ауданынан Смановтар отбасы байқау қорытындысына келе алмапты. Дегенмен, облыс әкімінің орынбасары көрермендер алдында алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын жеткізіп беретіндіктерін айтты. Байқауда екінші орынды Жарқайың ауданынан Сұлтановтар және Зеренді ауданынан Ыбыраевтар отбасылары иеленді. Сұлтановтар әулетінің ұйытқысы болып отырған Рахима апай бүгінгі таңда зейнеткер, ұл-қыздарынан 25 немере, 8 шөбере сүйіп отырған Батыр ана болса, Сайран мен Гүлнұр Ыбыраевтар да көп балалы отбасы атанып отырған жандар.
Ал, байқау жеңімпазы құрметті атаққа Сандықтау ауданынан Докаевтар отбасы мен Бұланды ауданынан Әкімбаевтар отбасы ие болды.
Докаевтар әулетінің отағасы Атлана Алиевич Сандықтау ауданының құрметті азаматы, «Сандықтау Астық» диірменінің қожасы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған өңірге танымал кәсіпкер. Макинск қаласында тұратын Серік пен Жаңылған Әкімбаевтар өздерінің үш ұлынан бөлек 17 балаға патронатты тәрбие беріп отырған қайырымды жандар. Бұл көп ұлтты отбасында қазақ балаларымен қатар, украин, татар, орыс, поляк, молдаван ұлттарының балалары тәрбиеленуде.
Осы екі отбасының біреуі қыркүйек айында өтетін респубикалық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.
Мерекелік кеш облыстың талантты өнерпаздарының әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламаға ұласты.