Көкшетауда науқас балаларды емдету үшін акция өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы науқас екі баланы емдету үшін Қазақстан халқының Ақмола ассамблеясы «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, одан 700 мың теңгеден астам ақша жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚХАА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы 4 жастағы Даниял Айғожа жəне 5 жасар Дастан Нығметжановты емдетуге ақша жинау үшін ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқының  Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі ұйытқы болды.

«Қайырымдылық акциясына жүрегі жомарт, қайырымды жандар қатысты»-, деп атап өтті Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова.

Қатысушылардың арасында Ақмола облысындағы этномəдени бірлестіктердің, бизнес құрылымдардың өкілдері жəне 9 ұлттан 39  бала тəрбиелеп отырған «Аяла» ҚБ төрағасы Серік Əкімбаев болды.

Акцияда жиналған қаражат екі баланың анасына тең бөлініп берілді.