Көкшетауда негізгі капиталға 56,1 млрд теңге инвестиция салынған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 56,1 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Амангелді Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Қала әкімінің айтуынша, қаланың өнеркәсіп секторында 125 миллиард теңгенің өнімі шығарылған. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 144,5 пайызды құрады.

«Өнеркәсіп өнімінің өсуіне машина жасау, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі айтарлықтай әсер етті. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 5,5 миллион теңгені құрады. Қаладағы барлық санаттағы шаруа қожалықтары мал мен құстың барлық түрлерінен 664,7 тонна ет өндірді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 56,1 миллиард теңге деңгейінде қалыптасты», - деді қала әкімі А.Смайылов.