Көкшетауда өлтірілген полицейдің әкесі Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда өлтірілген полицейдің әкесі Мұрат Еламанов мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.


Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанат Жарасов пен Ерсұлтан Бектұрғанов Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр ауылында болып,бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Кейін қоғамдық қабылдау өткізіп, мұң-мұқтажымен келген жергілікті тұрғындардың сауалдарына құлақ түрді.

Халық қалаулыларының қабылдауына келгендердің арасында жақында ғана әріптесінің қолынан қаза тапқан Көкшетау қалалық ІІБ-нің полиция лейтенанты болып қызмет істеген Дархан Еламановтың әкесі Мұрат Еламанов та бар. Марқұмның әкесі баласының өліміне қатысты істің ақ-қарасы анықталып, кінәлі қатаң жазалансын деп отыр. Оның айтуынша, Дарханды қатыгездікпен өлтірген күдіктінің туыстары органдарда қызмет істегендіктен  іс бұрмаланып, айыпты жеңіл жазамен құтылуы әбден мүмкін.

 

«Баламның өліміне қатысты түрлі жаңсақ пікірлер айтылуда. Баламды өлтірген адамның жақын туыстары органдарда қызмет істейді. Сондықтан, олардың ықпалымен ертең менің балам кінәлі болып, қылмыскер жеңіл жазамен құтыла ма деп қорқамын», деді Мұрат Еламанов.

Алайда, қабылдауға арнайы қатысқан облыстық ІІД басшысының орынбасары Ербол Жүсіпов қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан аталған іске қатысты ешқандай да бір мәлімет бере алмайтынын айтты. Дегенмен, департамент басшысының орынбасары күдіктінің туыстары органдарда лауазымды қызметтерде отырғанын жасырмады.  

 

«Бұл іс ҚР Ішкі істер министрінің жіті бақылауында, қазіргі кезде тергеу амалдары қолға алынып, айыпты тергелуде. Сондықтан, толық мәліметті тергеу амалдары аяқталған соң ғана жариялай аламыз», деп түсіндірді Е.Жүсіпов.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Дархан Еламанов кезекшіліктен шыққан соң, із-түссіз жоғалып кеткен еді . Кейін Дарханды жабылып іздеген жақындары екі күннен кейін өлі денесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан тапқан. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтады. Сөйтіп, Еламановты өзінің әріптесі, 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзин өлтірді деп күдіктеліп отыр .