Көкшетауда өлтірілген полицейдің маңызды тергеу құжаттары өртелгені анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкшетауда әріптесінің қолынан айуандықпен өлген полицей Дархан Еламанов жер қойнына берілді.

Ал қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыс тергеушілердің дәйегіне мүлдем сенбей отыр, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

Бұған дейін қанды қылмысқа екеуара келіспеушілік себеп болғаны айтылған. Себебі лейтенанттың қолында маңызды тергеу құжаттары болған екен. «Соның көзін құрту үшін істелген әрекет», дейді Еламановтың жақындары.

Дархан Еламановты күллі Красный Яр ауылы жоқтап жатыр. Асқан  қатыгездікпен өлтірілген әріптесін соңғы сапарға шығарып салуға облыстық Ішкі істер департаментінің басшыларына дейін келген.

25 желтоқсан күні Еламанов кезекшіліктен шыққан соң, ізім қайым жоғалып кеткен еді. Кейін Дарханды жабылып іздеген жақындары екі күннен кейін өлі денесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан тапқан. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтады. Сөйтіп, Еламановты өзінің әріптесі, 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзин басынан атып өлтіріп, қарға көміп кеткені белгілі болып отыр.

 «Оны үйінен ұстаған.  Қысымға алған соң айта бастаған. Тергеу кезінде одан Дарханның неке жүзігін, қызметтік тапаншасын, құжаттарын тапқан. Кейін мәйіттің қайда екенін айтып беріпті», - дейдімарқұмның ағасы Нұрбек Еламанов.

Күдікті қылмысын жасыру үшін мәйітті Көкшетаудан 40 шақырым жерге көмген. Марқұмның жақындары мәйіт табылған жерде бір емес бірнеше аяқ іздерінің  болғанын айтады.

«Соған қарағанда Жәнібек Баймұрзин жалғыз болмаған сыңайлы. Қазір майор қамауға алынып, бірнеше сараптама тағайындалған. Әзірге, қылмыс екеуара келіспеушіліктен болған деген болжамдар айтылуда. Бірақ, марқұм аға лейтенанттың жақындары бұған сенбейді. «Қылмыс болған жерде Дархан Еламанов жүргізген маңызды тергеу құжаттары өртелген», дейді олар. Сондықтан істің ақ-қарасын анықтап, кінәлі қатаң жазалансын деп отыр. Ал,3 ай бұрын  ғана шаңырақ көтерген 27 жастағы марқұмның артында аяғы ауыр әйелі қалды», - деп хабарлады телеарна.

Еске салсақ, Ақмола облысы бойынша ІІД қызметкерлері шұғыл-іздестіру шаралары барысында 2016 жылдың 25 желтоқсанында жоғалған полиция аға лейтенанты Д.М.Еламановты өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерін ұстаған болатын.