Көкшетауда өртенген үйде ұйықтап жатқан əйел құтқарылды
ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, оқиға бүгін таңертең болған.
Полиция майоры Құрмет Қабдушев пен полицияның аға сержанты Жаман Сатыбаев ерте таңнан əдеттегідей Уəлиханов көшесінің бойымен жұмысқа бара жатқан. Осы кезде, тəртіп сақшылары жекеменшік тұрғын үйлердің бірінен түтіннің шығып жатқанын байқап қалады. Дереу көмекке жүгірген олар үйдің терезесін тарсылдатып, ұйықтап жатқан әйелді оятып алады.
Үйде әйелден басқа өзге адамның жоқтығына көз жеткізген полицейлер газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, өрт сөндірушілер келгенше күткен.
Аман қалған әйел өміріне араша түскен полицейлерге шексіз алғысын білдірді.
«...Мен қатты ұйықтап жаттым. Жағдай насырға шапса, қалай аяқталатынын кім білсін. Бағыма орай полицейлер қиын кезде өз орындарынан табыла білді. Мені оятып, жеке заттарым мен құжаттарымды жинауға көмектесті», - дейді Надежда Мельникова.
Осыған орай, Ақмола облыстық ІІД басшылығы қос полиция қызметкерін марапаттау жөнінде шешім шығарды.