КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен 7 мамыр - Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерекелік шара Қазақстан Президенті - ҚР ҚК Жоғары Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысының «Отар» әскери базасында өткен Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік шерудің тікелей көрсетілімімен басталды.
«Отан қорғаушылар күні Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесі», - деді шарада Айна Мысырәлімова.
Облысы әкімінің орынбасары жергілікті әскери бөлімдері, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметінің бір топ қызметкерлері мен және әскери-патриоттық клубтардың өкілдерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан кейін Ақмола облысы бойынша Қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары Заңғар Ғаббасов жергілікті әскери қызметшілер мен оқу орындарының тәрбиеленушілерінің әскери шеруін қабылдады.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.