Көкшетауда өткен түнде өрт екі адамның өмірін қиды
15:36, 20 Қаңтар 2011
КӨКШЕТАУ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 19 қаңтарда, түнде Көкшетау қаласында жеке меншік үйде өрт шығып, екі адам мерт болды, бір адам уланып қалды.
Жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынның басқа нысандарға таралмауын қамтамасыз етіп, жедел ауыздықтаған. Өрт орнынан шамамен 1945 жылы туған үй иесі ер азаматтың өлі денесі табылған, ал екінші адамның қатты күйгені сонша, кім екендігін анықтау мүмкін болмай отыр. Ал, олармен бірге болған 1965 жылғы азаматша газға уланып, оған дәрігерлік көмек көрсетілген.
Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері өртте бес адам, оның ішінде кәмелетке жасы толмаған екі бала мерт болған.