Іс-шараға облыстың мемлекеттік органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, жазушылар мен жастар қатысты.
Кездесуді ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өңірге кітаптың алғашқы партиясы жеткізілгенін айтты. Жаңа басылымдар қала және аудан кітапханаларына, сондай-ақ жастар ұйымдарына беріледі.
– Мемлекет басшысы ұлтымыздың көбірек кітап оқу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл кітап – жай ғана ой-толғамдар жинағы емес, әрқайсымыз үшін маңызды бағдар. Оның өз оқырманын тауып, жастарға пайдалы болып, ортақ болашағымыз туралы ойлануға ықпал етуі маңызды, – деді Досұлан Айтбаев.
Жинаққа Мемлекет басшысының әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалары, түрлі жиындар мен кездесулерде сөйлеген сөздері мен баяндамалары енгізілген.
Сондай-ақ кітапта Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жазған «Свет и тень», «Преодоление», «Как это было... Хроника волнений в Пекине» атты еңбектеріндегі ой-тұжырымдары қамтылған.
Басылымның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының таңдаулы сөздері мен тұжырымдары арқылы оның қайраткерлік тұлғасын, саяси және зияткерлік көзқарасын көпшілікке таныстыру. Сонымен бірге қазіргі Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың ерекшеліктері мен негізгі басымдықтары туралы жинақы түсінік қалыптастыру көзделген.
Кітапта әділетті мемлекет құру, халық бірлігі, азаматтардың жауапкершілігі, ғылым, білім және мәдениетті дамыту мәселелері қозғалған. Жинақ саясаттанушыларға, зерттеушілерге, қалың оқырманға және әсіресе жастарға арналған.
Тұсаукесер барысында ұрпақтар сабақтастығы мен қазіргі жастар үшін маңызды құндылықтар мәселесіне де назар аударылды. Қатысушылар цифрлық технологиялар қарқынды дамып, қоғам жылдам өзгеріп жатқан кезеңде ел тарихы мен ата-баба мұрасын ұмытпаудың маңызын атап өтті.
– Бұл кітапты оқи отырып, Президенттің қоғам алдына қойып отырған міндеттерін тереңірек түсінесің. Оның әр сөзінен еліміздің болашағы мен қауіпсіздігіне деген қамқорлықты сезінуге болады. Бұл ойларды өскелең ұрпаққа жеткізу біз үшін маңызды, – деді Жабал Ерғалиев.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тұсаукесерге ақмолалықтардың әр буыны қызығушылық танытқан. Аға буын үшін жинақ елдің жүріп өткен жолына қайта үңілуге мүмкіндік берсе, жастарға өздерінің ел болашағындағы рөлін тереңірек түсінуге жол ашады.
Алдағы уақытта өңірлік кітапханаларда жаңа жинаққа арналған тақырыптық кездесулер мен пікірталастар өткізу жоспарланып отыр.