Ведомствоның мәліметінше, желтоқсанның 5-де сағат 10:00 шамасында Көкшетау қалалық патрульдік полиция батольонының қызметкерлері Боровской шағын ауданында Шевченко көшесінің шетінде тұрған көлікті байқаған.
Көлікке жақындап, жүргізушіні сөзге тартқанда ол көлік қозғалтқышының өшіп қалғанын айтқан. Осы кезде тәртіп сақшыларына көлік ұрланғаны ескертілді.
Ұрланған көліктің мемлекеттік нөмірі мен аталмыш көліктің нөмірі сәйкес келген. Тәртіп сақшылары жүргізушіден көліктің құжаттарын сұрағанда ол оны үйде ұмытып кеткенін айтады.
«Анықталғандай, желтоқсанның 5-де кезекші бөлімге Көкшетау қаласының 36 жастағы тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің Юбилейный шағынауданындағы дүкеннің алдында тұрған «Audi-80» машинасын мініп кеткенін айтты. Кейін көлік ұрлаған 54 жастағы жергілікті тұрғынның «психикалық ауытқу» диагнозымен диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болды» дейді ведомстводан.
Полиция осы оқиғаға байланысты іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу шараларын қолға алды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.