Көкшетауда Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтті
«Көкшетау» мәдениет сарайында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен концертте Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Дінисламбек Жайлаубай, Бибігүл Жанұзақ секілді танымал өнер майталмандарымен бірге «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі шығып, күміс көмей әнші Роза Бағланованың репертуарынан әндерді шырқады.
«Биыл бұлбұл әншіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Әйгілі әншіміздің алтын қорында 120-ға жуық ән бар. Аңыз-адам, қазақ эстрадасының, қазақ өнерінің жарқын жұлдызы Роза Бағланованың есімі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» беріліп отыр. Оның есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – дейді Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін бұлбұл әншінің мерейтойы осы жылдың 1 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылып жатыр.
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.