Көкшетауда салынып жатқан жаңа мешіт тамыз айында ашылады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда салынып жатқан жаңа мешіт тамыз айында ашылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырминнің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Брифинг барысында облыстың бас имамы Қанат Қоянбекұлы Рамазан айы қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ораза ұстаудың тәртіптері жөнінде толық ақпарат береді. Сондай-ақ, Рамазан айының қасиеті, Ораза ұстаудың артықшылықтары мен хикметтеріне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы пітір садақа мөлшері - 200 теңге шамасында.

«Пітір садақаны Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Шілденің 13-нен 14-не қараған түні Қадір түні. 17-ші шілде күні Ораза айт мейрамы басталады», - дейді Қанат Қыдырмин.

Сондай-ақ, барша мұсылман жамағатын алаңдатып отырған жаңа мешіт құрылысы да сөз болды. Бас имам өз сөзінде: «Жаңа мешіт Алла жазса тамыз айында ашылады деп жоспарлаудамыз. Мешіт Науан Хазірет бабамыздың атымен аталатын болады. Қазіргі облыстық мешіт өз жұмысын жалғастыра береді. Биылғы Қасиетті Рамазан айы барлығымызға жақсылық әкелсін», - деді ол.