Көкшетауда сауда үйі мен қоғамдық тамақтану орынының жұмыс уақыты ұзартылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтана бастады. Сол себепті, өңір қауіптілік бойынша сары аймаққа өтті. Бұл туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айнагүл Мусинаның айтуынша, қарашаның 11 - 17 күндері аралығында өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 258 жағдайы тіркелді. Бұның алдындағы апта да бұл көрсеткіш – 271 жағдай болды.

«Өңірлік жедел штабтың отырысында кәсіпкерлердің карантинді күшейту кезінде жұмыс режимін ұзарту туралы ұсыныс қаралды. Штаб жұмысының қорытындысы бойынша азық – түлік дүкенінің жұмысы таңғы сағат 7:00 ден кешкі 20:30 ұзартылды. Сауда-ойын сауық орталығы, сауда нысандары, азық- түлік емес дүкендер, жабық базарлар жұмыс күндері сағат 10:00-20:30 аралығында жұмыс істеп, жексенбі күні құрылыс тауарлары мен қосалқы бөлшек сататын дүкендерді қоспағанда жабық болады. Ала, қоғамдық тамақтану орыны жұмыс күндері 9:00-20:30, сенбі күні 10:00-20:30 аралығында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Тапсырыс бойынша тамақ жеткізіп беру «STOP CORONA» сайтына тіркелу арқылы сағат 23:00-ге дейін рұқсат етіледі. Сонымен бірге, фитнес орталықтары мен жаттығу залдары жұмыс күндері 7:00-20:30-ға дейін болады», - деді Айнагүл Мусина.

Бұдан бөлек, өңірдің бас санитарлық дәрігері Көкшетау қаласының карантин аумағына кірерде облыста тұрмайтын тағамдық өнімдерді шығарушылар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жарамдық мерзімі 30 тәуліктен аспаған ПТР әдісі бойынша COVID-19- тест туралы анықтама ұсынуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, «STOP CORONA» сайтына тіркелуі тиістігін де еске салды.

Облыстың бас санитарлық дәргерінің карантин шектеуі туралы № 170 қаулысына енгізілген өзгеріс бүгін сағат 21:00-ден кейін күшіне енеді.