Ведомство сондай-ақ марқұмның туыстары бұған дейін айтқан уәждерді жоққа шығарды.
— Аян Дүйсековке қызметіне байланысты қандай да бір қысым көрсетілген жоқ. Ол жұмыс істеген бүкіл кезеңде онымен қарым-қатынас іскерлік сипатта болып, әдеп нормалары сақталды. Еңбек қатынастары аясында қабылданған барлық шешім тек қызметтік жағдайларға байланысты және белгіленген тәртіппен жүзеге асырылды, — деп атап өтті департамент.
Ведомство 13 тамызда Аян Дүйсековке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын растады. Департаменттің мәліметінше, шешім еңбек тәртібін бұзғаны үшін және тиісті негіздер болған жағдайда белгіленген тәртіппен қабылданған.
— Тәртіптік жазаның қолданылуы тек қызметтік жағдайларға байланысты болды және қызметкерге деген жеке көзқарас немесе қысым көрсету әрекеті болған жоқ, — деп мәлімдеді ведомство.
Аян Дүйсековті тәртіптік жауапкершілікке тартуға қатысты материалдарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық уәкілетті органы да тиісті өтінішті қарау барысында зерттеген. Тексеру нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібінің бұзылғаны анықталмаған.
Департамент қызметтік баспанаға қатысты ақпаратқа да түсініктеме берді.
— Аян Дүйсековті өзі тұрып жатқан қызметтік тұрғын үйден шығару мәселесі көтерілген де, қаралған да жоқ. Себебі бұл тұрғын үйді судьяны орналастыру үшін пайдалану қажеттілігі болмаған. Осыған байланысты оны тұрғын үйден шығару туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ, — деп хабарлады ведомство.
Департамент тергеу жұмыстарына қажетті көмек көрсетіп, сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынып жатқанын атап өтті.
— Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр. Оның ішінде Аян Дүйсековтің қызметіне және жеке өміріне қатысты, қайғылы жағдайға әсер етуі мүмкін факторлар да қарастырылуда. Оқиғаның себептері мен мән-жайына қатысты түпкілікті қорытынды тек тергеу нәтижесінде жасалады, — деді ведомство.
Сондай-ақ департамент тергеу аяқталғанға дейін анықталған фактілерді түрлі болжамдар мен нұсқалармен алмастырмауға шақырды.
Бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшілігі басшысының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы жаздық. Марқұмның туыстары болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тексеруді талап етіп отыр.