Көкшетауда сот отырысында куәгер телефон арқылы куәлік етті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы сот отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, елімізде инновациялық технологиялар қоғам үшін қолжетімді және өзінің тиімділігін көрсетуде. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов сот төрелігінің 7 түйінін атаған болатын, оның бірі - цифрландыру. Аталған тұжырымдама шеңберінде Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Ұсақ бұзақылық» әкімшілік ісі бойынша сот отырысы өтіп, онда құқықбұзушы сот отырысына келе алмай іссапарда қала аумағынан тыс жерде бола тұра, ұялы телефонының арқылы әкімшілік іс бойынша жауап берді.

«Бейнеконференция байланысты өткізу үшін, құқықбұзушыға плеймаркеттен TrueConf бағдарламасын ұялы телефонына орнату ғана қажет болды», делінген хабарламада.

Жетілдірілген IT-технологиялардың енгізілуі сот төрелігінің мобильділігін және ашықтығын арттырады, процесті едәуір жеделдетуге, бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен қатар еліміздің кез-келген аймағында сот төрелігіне ыңғайлы және кедергісіз қол жеткізуді қамтамсыз етуге мүмкіндіктер береді.

«Сот отырысының қорытындысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Данияр Сапарбек БАҚ өкілдеріне электронды сот төрелігінің мүмкіндіктерін түсіндірді. Аталған жоба алдағы уақытта тұрақты түрде аудандық және оларға теңестірілген соттарда іске асырылатын болады», деп толықтырды соттың баспасөз қызметі.