Көкшетауда «Студенттік көктем-2017, жастар энергиясы» фестивалі өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі шеңберінде «Студенттік көктем-2017, жастар энергиясы»  фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шараның алғашқы күндері, яғни   1-2 сәуір аралығында жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың он номинациясы бойынша конкурстық бағдарлама ұйымдастырылды. Ал 3 сәуірде Ақмола облыстық филармониясында шараның жабылу рәсімі және гала концерт өтті. Фестивальға өңірдегі 19 білім ордасында оқитын  700 жуық студент қатысты.

«Эстрадалық ән» аталымы бойынша бірінші орын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Айнара Бұзайбасоваға бұйырса, екінші және үшінші орындарды Көкшетау жоғары колледж және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің  студенттері  Әділ Балтабаев пен Қайырлы Әшім өзара бөлісті.

«Қазіргі заманғы би» аталымы бойынша бірінші орынды А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Сымбат» ансамблі алса,  екінші орынды Щучинск қаласындағы жоғары колледж студенті Елнұр Кенжебаев, ал үшінші орынды Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледждің «Мерей» ансамблі еншіледі.

Сонымен қатар, «Инструментальды байқау», «Поэзия», «Дизайн», «Флешмоб-байқауы»,  «Видеороликтер байқауы»,«КВН-ойын» жəне «Брейн-ринг» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Жеңімпаздардың барлығы арнайы диплом жəне бағалы сыйлықтармен марапатталды.