Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығындағы ірі сауда орындарының бірінің әкімшісі арызданған. Оның айтуынша, сауда үйінің 30 жастағы супервайзері өзіне сеніп тапсырылған 1 млн теңгеден астам тауарды иемденіп алған.
«Белгілі болғандай, күдікті сауда үйінен сату үшін жалпы сомасы 2 млн теңгеге тауарды қарызға алған. Кейін, оның бір бөлігін таныстары мен бейтаныс адамдарға тегін таратып жіберген. Қазіргі кезде, тегін таратылған тауарлар Қазақстанның өзге өңірлерінен анықталды. Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 189-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді департаменттен.
Айта кетейік, аталған санкция бойынша күдікті 3 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін. Ұсталған азаматқа «келу туралы міндеттеме» бұлтартпау шарасы қолданылды.