Көкшетауда театр маусымы «Сал-серілер» спектаклімен ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында 22-ші театр маусымы «Сал-серілер» спектаклінің премьерасымен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сал-серілер» драмасы қазақстандық қаламгерлер Шахмет Құсайынов, Дулат Исабеков, Баянғали Әлімжанов шығармаларын негізге ала отырып жазылған. Қойылымға театрдың Еркебұлан Түлеуов, Медет Хамзин, Құмарбек Қалқатаев, Самат Шәймерденов, Әсем Серікова және өзге де танымал әртістері қатысты. Қойылымды аймақ басшысы Мәлік Мырзалин барып тамашалады.

«Сал-серілер» драмасы қазақ даласының тума дарындары Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ өмірлерінен сыр шертеді. Қойылымның мақсаты дала сайыпқырандарын келер ұрпаққа насихаттау, олардың әндерін  қайта жаңғырту, ұлттық дүние танымды кеңейту», - деп атап өтті театрдың қоюшы-режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов.