Ақмола облысының білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынған өзге ұлт өкілдерінің 2-11 сынып оқушылары арасындағы «Тіл дарын» облыстық шығармашылық жобалар байқауында балалар өздерінің тәжірибелік, зерттеушілік, аналитикалық, тарихи және өнертапқыштық бағыттағы шығармашылық жобаларын ұсынды.
Олардың арасында «Менің шежірем», «Менің кіші Отаным», «Астана - арман қала», «Қазақ халқының музыкалық өнері», «Менің ауылымның тарихы», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Мемлекеттік тілдің мәртебесі», «Қазақстанның ұлттық-қолданбалы өнері" тақырыбындағы шығармалар болды.
Облыстық білім басқармасының жанындағы «Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы» КММ-і ұйымдастырған шараға облыстың барлық өңірінен жалпы 136 оқушы қатысты. 58 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Осы орайда, Зеренді ауданындағы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Руслан Нимиткин, байқаудан алған әсерін бізге айтып берді.
«Бірінші орын иеленіме өте қуаныштымын. Мен қазақ тілін қызыға оқимын!», - деді Руслан Нимиткин.