Көкшетауда төрт көлікті зақымдаған 17 жастағы бозбала ұсталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетауда бірнеше автокөлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен 17 жастағы бозбала жауапқа тартылады.
Экшн фильмдерден кем емес оқиға Көкшетауда 22 сәуір күні болған. Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, таңертең ерте «102» желісіне жергілікті тұрғын хабарласып, «Сырымбет» сауда үйіне қарама-қарсы орналасқан Центральный шағын ауданында белгісіз жүргізуші оның «Haval» маркалы көлігін соғып кеткенін айтты. Жол-көлік оқиғасынан кейін құқық бұзушы оқиға орнынан қашып кеткен.
– Жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы көліктің бағытын анықтап, патрульдік полицейлерді бағдарлады. Нәтижесінде «Haval H6» маркалы автокөлік көше қиылыстарының бірінде байқалды. Жүргізуші бағдаршам белгілерін елемей, қызыл түске өтіп, жүргіншілерге қауіп төндірді және көп ұзамай «ВАЗ 2199», «Rav 4» және «Mercedes» маркалы автомобильдермен соқтығысты. Оқиға салдарынан жарақат алғандар жоқ, - деді ведомство өкілдері.
Есірген көлік жүргізушісі Сарыарқа шағын ауданындағы 25/7 үйдің жанындағы бағанға соғылып барып тоқтады. Ол көлікті тастай қашып, жаяу жасырынуға тырысты. Жігітті полиция техникалық лицейдің жанында ұстады.
Жұртты әбігерге салып, бірнеше автокөлікті зақымдаған жергілікті колледждердің бірінің 17 жастағы студенті болып шықты. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде мастығын көрсетті.
– 17 жастағы бозбаланың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 2-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу) және 442-бабының 2-бөлігі (кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды. Сондай-ақ полицейлер кәмелетке толмаған адамның басқа біреудің көлігін қалай мініп кеткенін де анықтайды. Тексеру қорытындысы бойынша барлық тиісті шара қабылданады, - деді полиция қызметкерлері.
Бұған дейін Алматыда жол ережесін бұзған танымал блогердің жазаланғанын жазған едік.