Көкшетауда Ұлттық киім фестивалі өтті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Наурыз мерекесін тойлау аясында Көкшетауда ұлттық киімдер күніне арналған облыстық «Сән мен салтанат» фестивалі өтті.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

Бұл шара қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау, дәріптеу және ұлттық киімнің әсемдігін көрсету мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

Фестивальге Ақмола облысының әр ауданынан дизайнерлер қатысып, өз жұмыстарын ұсынды. Шара аясында ұлттық киім үлгілері таныстырылып, олардың тарихы мен символикалық маңызы жайлы айтылды.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

Фестивальге қатысқан шеберлердің айтуынша, ұлттық киім — жай ғана сән емес, ол халқымыздың тарихы, мәдениеті мен рухани болмысының айнасы. Ұлттық киімдерді тігу үлкен шығармашылық пен табандылықты талап етеді.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

 — Біз көп жылдан бері ұлттық киімдерді тігіп, халыққа ұсынып келеміз. Бұл сала терең білім мен үлкен шеберлікті қажет етеді. Әр көйлек қазақ қызының нәзіктігін, ерекшелігін көрсететіндей етіп жасалады, — дейді Көкшетау қаласындағы «Светлана» ательесінің директоры Светлана Ехлакова.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

Дизайнер Әсемгүл Оспанованың айтуынша, бүгінде ұлттық киімдер тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де сәнге айналып келеді.

Фото: Ақмола облысы Мәдениет басқармасы

— Біздің топтамаға дәстүрлі үлгілермен қатар, заманауи сәнге сай киімдер де енгізілген. Ұлттық киімді дәріптеу тек сән үрдісі ғана емес, бұл — ұлттың рухани бірлігін нығайтуға, түп-тамырымызға деген мақтаныш сезімін арттыруға бағытталған құндылық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық киім киюдің сәнге айналуы керектігін атап өткен болатын, — дейді ол.

Фестиваль соңында барлық дизайнерлерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл шара ұлттық мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындай түсті деседі ұйымдастырушылар.