Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында пара алу дерегі бойынша Көкшетау қаласының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларының біріне қатысты қылмыстық іс шеңберінде Қылмыстық процессуалдық кодекстің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсыныс қаралды.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекеттік қызметші қалалық базар аумағына ветеринариялық анықтамасыз мал етін кедергісіз әкелгені үшін жеткізушіден пара алғаны анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында ҚР заңнамасын бұзуға жол берген кінәлі тұлғаларға тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қолдану, ұжымдарда тиісті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу ұсынылды», - деді ведомстводан
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов жиынға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша маңызды заңнамалық түзетулерді түсіндіріп, ветеринариялық бақылау және қадағалау жүйесінде шешілмеген түйіткілді мәселелердің бар екендігін атап өтті.
Тек соңғы 3 жылда облыстық жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде аталған салаға қатысты 25 қылмыстық іс болған.
«Өңірдің ветеринариялық қызметінің мамандары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасайды. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан формальдық жұмыстың дәлелі. Аумақтық инспекциялар басшылығы тиісті бақылауды қамтамасыз ете отырып, кешенді алдын алу шараларын күшейтуі қажет. Қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолданбағаны үшін басшылар дербес жауап беретінін еске саламын», - деп атап өтті Арман Рахимов.