Көкшетауда замануи спорт алаңы ашылды

КӨКШЕТАу. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын жаңа спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында Көкшетауда Қажымұқан атындағы №3 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің аумағында жаңартылған кешенді спорт алаңы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, күрделі жөндеуден кейін заманауи талаптарға сай келетін спорт нысанында балалар футбол, баскетбол ойнап, стрит-воркаутпен айналыса алады.

«Жаңа алаң қоршалған және жарақаттанудан қорғайтын жабын төселген, барлық қажетті спорттық құралдармен жабдықталған. Біздің міндетіміз-жас спортшыларға қолайлы жағдай жасау. Алаң жыл бойы сұранысқа ие болады деп үміттенеміз. Балалар мұнда спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын болады», - деп атап өтті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев.

Жаңартылған спорт алаңының ашылуы балалар мен жасөспірімдер мектебінің қызметкерлері үшін қуанышты оқиға болды.

«Мектеп секцияларының тәрбиеленушілері әрдайым осында айналысады. Аталмыш шағынаудандағы балалар күн сайын осында келеді. Өңірде спорттық инфрақұрылым жыл сайын жақсарып, жаңарып жатқанын көріп отырмын», - деп баскетболдан жаттықтырушы Виктория Волкова.

Айта кетсек, бүгінде облыста 2 483 спорт ғимараты бар, оның 70 пайызы ауылда, онда әр түрлі спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биылғы жылы Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Бурабай ауданының Мәдениет ауылында спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар, Щучье қаласында Спорт сарайының құрылысына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, 12 ауданда жаңа спорт алаңдары ашылады. Шортанды кентіндегі стадионға күрделі жөндеу жүргізілмекші.